PKF Меншікті бағалау және Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
2026.01.142025 жылғы желтоқсан айында «PKF Меншікті бағалау» компаниясының өкілдері — компания басшысы Олег Чесноков, кадр қызметінің жетекшісі Лейла Абдрахманова және маркетолог Арайлым Бисекова — Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің экономика және менеджмент кафедрасының оқытушылар құрамымен кездесті.
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті — өңірдегі көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің тарихы 2008 жылдан бастау алады.
Бүгінде университет құрылымында 7 кафедра жұмыс істейді, олар бакалавриаттың 20 білім беру бағдарламасы және магистратураның 2 бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Университет өзінің қызмет еткен жылдары ел экономикасы үшін 35 мыңнан астам маман дайындады. Олардың қатарында Сенат пен Мәжіліс депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері, мемлекеттік және жеке ұйымдардың басшылары мен мамандары бар. Университет Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жоғары оқу орындарының бірыңғай ақпараттық білім беру кеңістігіне ену бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, инновациялық және ғылыми инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келеді.
Кездесу барысында «PKF Меншікті бағалау» компаниясының басшысы, 20 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар бағалаушы, RICS, CFA халықаралық біліктіліктерінің және ACCA Advanced Diploma in Accounting and Business дипломының иегері Олег Чесноков бағалаушы мамандығының еңбек нарығындағы қазіргі жағдайы жөнінде практикалық көзқарасымен бөлісті. Ол бағалау және корпоративтік қаржы саласында жұмыс істейтін мамандар үшін халықаралық біліктіліктер мен мансаптық мүмкіндіктер туралы айтып өтті.
Өз кезегінде университет өкілдері «Бағалау» білім беру бағдарламаларының алдында тұрған өзекті мәселелерді, соның ішінде оқу-әдістемелік материалдардың жеткіліксіздігін, сондай-ақ «Бухгалтерлік есеп және аудит» және «Экономика» сияқты сабақтас бағыттармен пәнаралық байланыстың маңыздылығын атап өтті. Диалог барысында тараптар академиялық білім мен нарықтың практикалық талаптарын жақындатуға бағытталған ынтымақтастық форматтарын, оларды жүзеге асыру мүмкіншіліктерін талқылады.
Кадр даярлау мәселелерін талқылау аясында «PKF Меншікті бағалау» компаниясының кадр қызметінің жетекшісі Лейла Абдрахманова студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, практикадан өткізу, жас мамандарды жұмысқа бейімдеу, оқыту және олардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету бағытындағы компанияда қолданылатын тәсілдермен таныстырды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша «PKF Меншікті бағалау» компаниясы мен Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім кадр даярлау саласындағы серіктестікті дамытуға, компания мамандарының кәсіби бағдар беру іс-шараларына қатысуына, «Бағалау» мамандығы мен «Корпоративтік қаржы» қосымша курсы бойынша білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуге, сондай-ақ студенттердің компанияда тәжірибеден өтуіне және кейіннен жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге бағытталған.
Маркетинг саласының маманы Арайлым Бисекованың пайымдауынша, мұндай ынтымақтастық екі тарап үшін де стратегиялық құндылыққа ие, бұл серіктестік білім беру және бизнес жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға, сондай-ақ екі брендтің де нығаюына әрі дамуына мүмкіндік береді.
«PKF Меншікті бағалау» компаниясы университет ұжымын қонақжайлылығы үшін, мазмұнды әрі кәсіби пікір алмасуды ұйымдастырғаны үшін және ынтымақтастықтың басталғаны үшін ризашылығын білдіреді. Экономика және менеджмент кафедрасының меңгерушісі Сәкен Исагалиевке, практика және жұмысқа орналастыру бөлімінің жетекшісі Кира Лаубертске және кафедраның бүкіл оқытушылар құрамына қабылдауды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін және бірлескен жұмысқа дайындығы үшін ерекше алғысымызды білдіреміз.
Басталған ынтымақтастық бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың берік негізіне айналып, бағалау және корпоративтік қаржы саласындағы кәсіби қауымдастықтың дамуына ықпал етеді деп сенеміз.




